Жұбайынынң келісімінсіз неке кезінде сатып алынған пәтерді, сатуға болады?

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексінің 33-бабына сәйкес 1-т. ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

Кодекстің 34-бабына сәйкес ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету ерлi-зайыптылардың екеуінің келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билiк ету жөнiнде ерлi-зайыптылардың бiреуi мәмiле жасасқан кезде екiншi жұбайының келiсiмi қажет болады. Екінші жұбайдың тек қана оның талап етуі бойынша оның келісімі болмаған себептері бойынша және егер басқа тарап осы мәмiленi жасасуға екінші жұбайдың келiспеуі туралы бiлгендiгi немесе көрінеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген жағдайларда ғана сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнің ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билік ету жөнiнде жасасқан мәмiлені жарамсыз деп тануы мүмкiн.

Ерлi-зайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлікке иелік ету жөнінде мәміле және нотариатта куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді қажет ететiн мәмiле жасасуы үшiн екінші жұбайдың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алу қажет.

Аталған мәмiлені жасасуға нотариатта куәландырылған келiсiмi алынбаған жұбай осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

Сонымен қатар, кодекстің 39-бабына сәйкес  некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылықтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады.

Неке шарты тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттiк тiркеу туралы өтініш берілген күннен бастап неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттік тіркелгенге дейін де, некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiндегі кез келген уақытта да жасалуы мүмкiн.

Ерлi-зайыптылар неке шартымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген бiрлескен ортақ меншiк режимiн өзгертуге, ерлi-зайыптылардың барлық мүлкiне, оның жекелеген түрлерiне немесе ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкiне бiрлескен, үлестiк немесе бөлек меншiк режимiн белгiлеуге құқылы.