Ұшақ сапары кешіктіріліп болмаса жойылған жағдайда, жолаушылардың қандай құқықтары бар?

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының 86-б. сәйкес Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідірген, орындалмаған кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай:

1) жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;

2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;

3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;

 4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:

күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;

5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;

6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.

Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.

Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:

1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;

2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Кодексінің 567-б. сәйкес Тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген, орындалмаған кезде тасымалдаушының Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы – екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) –бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.