Қазақстан Республикасы азаматының тұрғылықты жері бойынша тіркеу үшін қандай құжаттар талап етіледі?

«Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі «Азаматтар үшін үкімет» Мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) арқылы жүзеге асырылады.  

«Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 757 қаулысының 6-т. сәйкес босқындарды қоспағанда, республикадан тыс жерлерден келген, тіркелуге жататын ішкі көшіп-қонушылар - Қазақстан Республикасының азаматтары жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен асырмай, уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

1) жеке басын куәландыратын құжат (16 жасқа дейінгі балалар - туу туралы куәлік);

2) салыстырып тексеру үшін тұрғын үйдің меншік иесінің жеке басын куәландыратын құжаты және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тұрақты не уақытша тіркеуге оның жазбаша келісімі (қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда тіркелген кезде - жұмыс орны бойынша тіркелуі туралы ұйым (мекеме) әкімшілігінің қолдаухаты).

Тұрғын үй иесін тіркеу кезінде жазбаша келісім талап етілмейді;
3) тіркеуге құқығын растау үшін меншік иесінің белгіленген тәртіппен тұрғын үйді жеке меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғанын, оның ішінде жалға алу (жалдау), қосымша жалға алу шарты бойынша алғанын куәландыратын, сондай-ақ «Мекенжай тізілімі» ақпараттық жүйесінде өндірілген тіркеу мекенжай коды (бұдан әрі - ТМК) болмаған кезде оған «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжат.

Белгіленген тәртіппен меншігіне тұрғын үй сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғаны туралы куәландыратын, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттар туралы мәліметті уәкілетті орган «Мекенжай тізілімі» және «Жылжымайтын мүлік тізілімі» ақпараттық жүйелерінен уәкілетті лауазымды адамдардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында алады;
4) тіркелгені үшін мемлекеттік баждың (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарды ұсынады) төленгені туралы түбіртек.